Алматыда келіншек үш баласының көзінше асылып өлді
Алматыдағы Мамыр шағын ауданында жас келіншек пәтерінде асылып қалған. Ол мұндай қадамға үш баласының көзінше барып отыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы қоғам белсендісі Жібек Әменова жазды. Ол келіншектің мұндай қадамға біреудің ықпалымен баруы мүмкін екенін айтуда. Себебі бұған дейін де бірнеше мәрте тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырапты.
"Бүгін менің ауламда қайғылы жағдай. Жап-жас келіншек асылып қалды. Пәтерінде үш баласының көзінше өліп кеткен. Көршілері жиі тұрмыстық зомбылыққа ұшырағанын айтуда. Әрине оның бәрін тергеу анықтайды. Десе де ешбір адам өздігінен өлімге басын тікпейді", - дейді ол.
Оқиғаны полиция да растады. Қазіргі уақытта іс қылмыстық кодекстің 105-бабы "Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу" бойынша соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген.
"Әуезов аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімінің қызметкерлері 1994 жылы туған Б-ның өлімінің себептері мен мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Қылмыстық іс бойынша ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жарияланбайды", - делінген ақпаратта.