Алматыда кино көруге барған қызды үш жігіт зорлап кетті
Алматыда таныстарымен кино көруге барған 20 жастағы қызды үш жігіт жабылып зорлаған. Күдіктілердің бірі ұсталғанымен, екеуін полиция іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Жантүршігерлік ақпаратты қоғам белсендісі Дина Таңсәрі өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, топтық зорлау 13-14 мамыр аралығында қаладағы кино залдардың бірінде болған.
Әзірге осы іске қатысы бар үш адамның тек біреуі ғана ұсталып, түсініктеме алынған соң жіберілген. Қалған екеуінің қайда кеткені әзірге белгісіз.
Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі жәбірленушінің арызы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«2002 жылы туған Қ. арызы ҚР ҚК 120-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркелген. Іс жүргізу аясында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта ҚР ҚІЖК 24-бабының талаптарын орындау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеру істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге бағытталған. Сонымен қатар, ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат таратылуға жатпайтынын нақтылаймыз. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚІЖК 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы оның кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрқайсысы кінәсіз деп есептеледі», - деді баспасөз қызметіндегілер.