Алматыда монша кешені өртенді
Алматыда жұмыс істемей тұрған монша кешені өртенді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Отқа оранған монша кешенінің видеосы әлеуметтік желіде пайда болды. Онда «Нұрлы тау» шағынауданында орналасқан моншаның қызыл жалынға оранғанын көруге болады.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өрт 2 қыркүйекте түнгі сағат 23:00-дер шамасында болған. Қызыл жалын 600 шаршы метр аумақты қамтыды.
«Оқиға орнында штаб пен сөндірілетін екі учаске құрылды. Өрт сөндіру және көршілес үйлерді өрттен қорғау үшін оқпандар енгізілді. Өрт сөндірушілер қауіпсіздік ережесіне сәйкес жұмыс істеді. РЭС-5 электриктері нысанды тоқтан ажыратты. Өрт болған жер «суы аз» аумақ болған соң тілсіз жаумен күрес қиынға соқты. Алайда су үздіксіз берілді. Сонымен қатар, «Алматы Су» мекемесінің техникасы жұмылдырылды», - деп хабарлады Алматы қалалық ТЖД.
Жалынды ауыздықтауға 66 адам, 22 техника жұмылдырылды.
Өрт сағат 00:27-де оқшауланып, 01:20-да сөндірілді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар болған жоқ.
Монша кешенінің айтарлықтай бөлігі өрттен аман қалды.
Полиция қызметкерлері өрт болған жерді қоршауға алып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті.