Алматыда жер сілкінісінен кейін 200-ге жуық нысанның қабырғасы жарылған
Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин мәлімдеді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Оның айтуынша, 5 балдық жерасты дүмпуінен кейін 188 тұрғыннан баспанасының зақымданғаны жөнінде хабар түскен. Оның 70-і – көпқабатты үй. Қазір осы мәселе бойынша сараптамалар тағайындалды. Әкім орынбасары жарықшақтар пайда болған әлеуметтік нысандар мемлекеттің қаражатынан жөнделетінін айтты.
“Еш қауіп төніп тұрған жоқ. Ол жерде кәдімгі жарықтар. Оны кезекті жөндеу кезінде қалпына келтіруге болады. Мен назарларыңызды аударғым келетін жалғыз нәрсе – біріншіден, кондоминиум нысаны саналатын барлық жеке көпқабатты тұрғын үй кешені өз қаражатымен жөнделуге тиіс. Қалған әлеуметтік нысандар белгіленген тәртіппен, мемлекет есебінен жөнделеді”, - деді Асқар Әмрин.