Saturday, 23 November,2024

Алматыда жер сілкінісінен кейін жер үйлерге сұраныс күрт өскен

Uaqyt.info
Фото ашық дереккөзден

Зілзала жиелегелі Алматыда жер үйлерге сұраныс артқан. Бұрын жылдап өтпей тұратын жер үйлерге клиенттер тез табылып жатыр дейді риелторлар. Бірақ елдің бәрі жер үй іздеп, сұраныс еселеп артты деуге тым ерте. Соған қарамастан баға 15 пайызға артып шыға келген, деп хабарлайды Uaqyt.info КТК-ға сілтеме жасап.

Ақтолқын Шакретова үш жылдан бері тұрғын үй кешенінің 8-ші қабатында тұрады. Бірақ жер сілкінісі болғалы пәтері бос тұр. Өйткені, затын жинап, бала-шағасымен бірінші қабатта тұратын ата-анасының қасына кеткен.

“Өткен жер сілкінісінен кейін біз сегізінші қабаттан біріншіге дейін ата-анамыздың үйіне көшіп бардық. Жер сілкінісінен кейін қатты қорқыныш пайда болды. Пәтерімізді сату әлі ойда жоқ. Мүмкіншілік болса, басқа пәтер алып, төменгі қабатта тұру ойда бар”, - деді Ақтолқын Шакретова.

Жоғарғы қабатта тұратындар жер сілкінісінен кейін қатты сескеніп қалған. Пәтері қанша жерден сейсмикалық төзімді болса да, сақтықта қорлық жоқ деп шешкен. Көбі төменгі қабаттағы пәтерді қалайды.

 Сәйкесінше, баға да өзгерді дейді риелторлар. Жоғарғы қабаттағы баспаналар шамамен 10 пайызға дейін арзандапты. Мәселен, бұған дейін комфорт санатындағы бір бөлмелі пәтерлер кемі 500 мың теңгеге жалға берілген болса, қазір 300 мың теңге шамасында.

Біраз адам хабарласты. Басқа да сұраныстар болды, «үй тауып берші, жер үй, жалға алуға» деген. Сосын төменгі қабаттан үй іздеп жүргендер көп болды. Бірінші, екінші, үшінші қабаттарға дейін сұраныс көбейді. Жер үйге сұраныс көп. Жалға беріп жатқандар да бағасын көтеріп қойды”, - деді риелтор Қуаныш Шәріпов.

Жер үйге де сұраныс бар. Бірақ көбіне ондай үйлер орталықтан алыс, қатынас та қиын. Сондықтан жер үй алушылар еселеп артты деуге болмайды.

Жер сілкінісіне байланысты Алматыдан мүлдем қоныс аударғысы келетіндер де бар. Ондайлардың көбі Астана қаласына жалдамалы пәтерлерге көшкен. 

“Қаңтар айынан бері Астанадағы жалға берілетін пәтерлерді көбіне алматылық тұрғындар сұрайды. Біразы көшіп келді. Осы екі күннің ішінде «мегаполистен қоныс аудармақшымыз, тез арада пәтер керек» деген біршама адам хабарласты. Құны жағынан да сәл қымбаттады, - деді риелтор Назгүл Мәлікжан.

Ал сатылатын үйлердің бағасы тұрақты дейді мамандар. Жалпы жер сілкінісінен кейін қысқа мерзімге жалға берілетін үй мен саяжайларға сұраныс артқан.

Әйтсе де мұның қаншалықты ұзаққа созылатынын ешкім білмейді. Мамандар бағаның құбылмалы болуын уақытша деп топшылады.

Ұсынылатын