Алматыдағы өрт: 13 адам көз жұмған хостелдің егесі ұсталды
Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
"30 қараша күні "Алматы Хостел" ғимаратындағы өрт оқиғасына байланысты қылмыстық кодекстің абайсызда екі не одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, яғни, 292-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Бас Прокурордың тапсырмасына сәйкес қылмыстық іс арнайы прокурордың іс жүргізу өндірісіне қабылданды. Құқық қорғау органдарының тәжірибелі қызметкерлерінен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.
Өрттің шығу себебі мен алғышарттарын анықтау мақсатында оқиға орнына қарап-тексеру жүргізіліп, сараптамалар тағайындалып, өзге де жедел-тергеу іс шаралары ұйымдастырылуда. Сол күні осы қылмысты жасады деген күдікпен хостелді жалға беруші Мухамедъяров А. прокурорлармен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына оқшауландырылды. Тергеу аясында хостелдің қызмет көрсетуіне қатысы болған барлық тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Қылмыстық іс тергеуі бас прокурордың бақылауында", - делінген хабарламада.