Monday, 25 November,2024

Әлтаев неге екі сөйлеп отыр? Қазнетте депутатты жерден алып, жерге салып жатыр

Uaqyt.info
Фото Ашық дереккөзден

Қырғызстанда арнау айтып, президент Садыр Жапаровтан ат мінген ақын Біржан Қалдыбаевқа сын айтамын деп басы дауға қалған Аманжол Әлтаевқа әлеуметтік желіде түрлі пікір жазылып жатыр. Қоғамда үлкен шу туғызған мәселеге қатысты депутат өзінің Facebook-тегі парақшасында екінші жазбасын жариялады. Онда Әлтаев ақын інісіне сәттілік тілеп, қырғыз елінің президентіне ыстық ықыласын жеткізген, деп хабарлайды Uaqyt.info.

“Біржан Қалдыбаев бауырыма жанашырлықпен айтқан сын пікірімді үдетіп түрлі сайттар бір - бірінен көшіріп алып шығарып жатыр екен. Желі қолданушылары арасында да мәселенің байыбына бармай, мені қызғаншақтық танытты деп сан саққа жүгіртіп жатқандар да бар екен.

Бүгін Біржан бауырыммен сөйлестік.

Мен ағалық ақылымды жеткіздім, ол да інілік ізетімен өз пікірін айтты. Ең бастысы бір - бірімізді түсіндік деп ойлаймын. Мәселені дауға айналдырмай нүктесін қойып, сыйластықты сақтауға уағдаластық.

Біржанның тұлпар мінгеніне қызғанышпен қарады деген ешқандай қисынға келмейді. Бауырымыздың тұлпар мінгеніне тек қуанышпен қараймын. Өзім де өзге азаматтарға жылына бірнеше тұлпар мінгізіп жүрген азаматпын. Бір елдің атынан барғаннан кейін айтқан арнауы  көркемдік талапқа, эстетикалық талғамға, байыпты мазмұнға сай болса екен дедім.

Бұл - өнер өлкесіндегі  баршамызға ортақ талап. Өнердің сапасын аласартып алмау - парызымыз!

Біржан бауырымның отбасына амандық, ісіне береке тілеймін. Тақымынан тұлпар кетпесін. Бауырлас Қырғыз елінің, Президентінің ыстық ықыласына да рақмет айтамын. Ел іргесі бүтін, бірлігі бекем болсын!”, - деп жазды Аманжол Әлтаев.

Алайда ғаламторда депутатқа қарсы пікірлер көп жазылып жатыр. Бірі оны “байдың асын байқұс қызғанды” десе, енді бірі “айтыс Аманжолдың атасынан қалған жекеменшік өнер емес”, - деп пікір қалдырған.

“Айтыс  - өнер, көшпенділердің төл өнері. Айтысты Жүрсіннің әкесі, Аманжолдың атасы алай базардан сатып алған жоқ.., исі қазақтың ортақ дүниесі. Айтысқа талас тудырып, оны жеке біреудің меншігі ету .., нағыз көргенсіздік. Қай атаң біреуден рұқсат сұрап айтысып еді.., ұятсыздар. Бояушы , бояушы десең сақалын бояпты деген осы шығар”, “Аманжол Әлтаевтікі ұят болды! Дардай депутат! Жылқы мінгізу үшін басқа елдің Президенті сенен рұқсат сұрау керек пе? Не деген іштарлық?!”, “Қырғыз президентінің жауабына риза болдым. “Елші мен ақынға өлім жоқ” дегенді Назарбаевта білмейді”, “Орынды сөз, жүйелі жауап болыпты. Жиеннің назын жерде қалдырмаған қырғыз ағайынға рахмет!”, “Аманжолдың мұнысы ұят болды, бүкіл әлемге жар салмай, Біржанның өзіне жеке айтуы керек еді”, - деп жазды желі қолданушылары.

Алайда депутатты жақтап жатқандар да жоқ емес. Ақын Серікзат Дүйсенғазы Аманжол Әлтаев туралы әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды.

“Фейсбукке кірсем біреулер "Қырғыз Президенті Аманжолды сөзден жеңіпті" деп жерден жеті қоян тапқандай санын шапалақтап жатыр екен. Енді біреулер қыза-қыза  "мінгізген атты қызғанып іші күйіп бара жатыр ғой" деп те жіберіпті.  Қырғыз елінің Президентін де, бауырлас халқын да сыйлаймыз, әрине. Бұл жердегі әңгіме олар туралы емес 

Аманжол ақын сөзден жығылатындай постты Садыр Жапаров мырзаға арнап жазған жоқ. Өзіміздің бабалардан қалған бекзат өнеріміздің байрағын төмендетіп алмайық деп жазды. Олай айтуға хақысы да бар. Себебі, ол қазіргі айтыс ақындарының үлкені, жолбастар ағасы. Төл өнердің қадірі мен қасиетіне алаңдаса  айыпты бола ма сонда?  Бауырлас ел басшысының мінгізген атын қызғанатындай қамшысымен жер сабап отырған жоқ. Күллі қазақтың қадірлісі, Арқадағы айтыс өнерінің айбары болып отырған абыройлы азаматымыз бір жылқыға мұқтаж болып қалған жоқ шығар енді? Сондықтан азаматтың ұлтқа деген пейілін сан-саққа жүгіртіп, хайп қуған  жазғыштарға сабыр тілеймін!  Қазақ та, қырғыз да аман болсын, осымен дау тәмам болсын!”, - деп жазды Серікзат Дүйсенғазы.

Даулы мәселеге депутат Жанарбек Әшімжан да пікір білдірді.

“Аманжол Әлтай — астындағы жалғыз атын түсіп беріп, жүген ұстап қалатынның нағыз өзі. Қаншама сапарларда бірге жүрміз, қызғаныштың қызыл итінен ада, "кісіге болса екен" деп жүретін жомарт болмысына сәт сайын куәміз.

Бармақтай кезінен атамұра айтыс өнерінің дамуына дамылсыз қызмет етіп келе жатқан Азамат! Сөз өнеріне көлеңке түссе жанын жалау, Арын алау ететін Ғалым!

Ұлттық мұраттардың ауласына ұры түссе атойлап шығатын Қайраткер! Аға-іні болып сыйласып жүргенімізге де он жылдан аса уақыт болыпты. Өте байсалды, ұстамды, мәдениетті. Болмысы нәзік көрінгенімен, әділетсіздікке, қараулыққа жаны төзбейді.

Кесіп, пішіп турасын айтады. Ал Аужекеңнің әлеуметтік желіде айтқан ақ-адал сөзін ой-қырға алып қашып "арнау айтқан жігітке мінгізген атты қызғаныпты" деп айыптау — соқырдан көз, мылқаудан тіл сұрапты дегенмен бірдей ғой…Қазақ жұрты сүйегіне сөз сіңген халық қой.

Тура айтпақ түгіл емеурінмен айтылған сөздің астарындағы астаң-кестең ағыстарын сезіп, біліп, баға беріп отырады. Ал Құдайшылығына келсек, кешегі сөздің атасы өліп бара жатқанда айтқан Аужекеңнің сыны да, тілегі де орынды”, - деп жазды Жанарбек Әшімжан.

Uaqyt.info қоғамда қызу талқыланған тақырыпты бұған дейін бірнеше рет жазды.

Ұсынылатын