Sunday, 24 November,2024

Ақбөкенді ату кімге пайдалы? Журналист биліктің киікті қырмаса қырдағы малдан тыныштық кетті деген дабылын жоққа шығарды

Алмас Абылай
Фото Ашық ғаламтордан

Батыстағы жұрт ақбөкеннің көбеюі шаруаға кесірін тигізіп жатыр деген Үкіметтің дабылын дақпырт деп отыр. Бұл туралы журналист Нұрбек Бекбау жазыпты, деп хабарлайды Uaqyt.info

Әлеуметтік парақшасында ол Ақтөбеге сапарлағанын, әрі ондағы жұрттың жағдайымен танысқанына тоқталады. Тіпті Үкіметтің киікті қыру ойына да таңғалысын жасырмапты.

"Ақтөбеге бардым. Мыңғырған бөкен дүр өтіп былай өтеді, гүр етіп алай өтеді. Қызығы, сайғақ шөбімді жеп қояды,деп улап-шулап, қоңыр аңды қуып жүрген бір шаруа жоқ. Керісінше, киіктер жылқы мен сиыр арасында бірге жайылып жүр. Мая-мая боп пішен тұр. Оған бас салып, жалмап жатқан олар жоқ. Киік көрінген шөпті жемейді. Ешкі сияқты таңдап-теріп қана жейді дейді ауылдағы Ахмет ағамыз. Ал даланы шегірткедей орып кетеді деген сөз қып-қызыл дақпырт. Басы сынып, жапырылып жатқан шөп көріп тұрсың ба,-деп өзіме сұрақ қойды. Содан 4 мың жылқы ұстап отырған әлгі ағамыз: «Киік Құдайдың малы. Лақтайтын уағында, төлдерінің амандығы үшін күнді суытып, күйек болатын желтоқсанда қалың тұман түсіріп, жыртқыш біткенді ін-апанына тығып тастап отырған Тәңір емес пе? Сайғақ құрып кеткенде дала жаппай өртеніп жатушы еді. Бөкен көбейгелі, өрт көргеміз жоқ. Сосын, киік молайған сайын шөп мол өсетіні бар, - деп сөзін түйіндеді", - дейді ол жазбасында.

Сонымен қатар ондағы шаруалардың жан-айқайын да жеткізіпті. Яғни Үкіметтің қырам дегенін комбинаттар өз пайдасына жарататынына қапалы.

"Үкімет қысқа дейін 226 мың киік атуға рұқсат берді. Етінің келісін комбинаттар 315 теңгеге сатып алып, кейін халыққа үстіне ақша қосып, сатпақ. Қызық! Киіктен «зардап шегіп отырған» халық болса, неге етті 315 теңгеге сол халық алмайды? Көп балалы отбасы, кедей жанұяларға алапат көмек болар еді ғой? Неге зауыттар құзіретке ие болып отыр? Халықты көтеріп-шулатып, біреулер пайдасын көріп кетпек пе? Киікті қорғаймын деп өліп кеткен жігіттерден обал. Бәрібір ататын болса, өлермендікпен неге қорғады? Бір кем дүние-ай", - деп қорытындылаған ойын.

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

A post shared by UAQYT.INFO (@uaqyt.info)

Ұсынылатын