Ақмола облысында танысын атып өлтірген 27 жастағы ер адам ұсталды
Ақмола полицейлері танысын атып өлтірген күдіктіні “ізін суытпай” ұстады, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Жүргізілген жедел тергеу іс-шаралары мен полиция қызметкерлерінің келісілген іс-қимылдарының нәтижесінде Макинск қаласының 23 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдіктіні ізін суытпай ұстады.
Жедел-іздестіру іс-шараларын полиция департаментінің бастығы Нұрсұлтан Мұқашев жеке өзі бақылап отырды. Ер адам сағат 11:00-де Сандықтау ауданының ауылдарының бірінде ұсталды. Бұл елді мекенде оның туысы тұратыны анықталды.
Сондай-ақ аудан аумағында өлтірілген азаматқа тиесілі ұрланған автокөлік пен қару табылды. Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға 21 қарашада болған. Сағат 01:30 шамасында Макинск қаласының 27 жастағы тұрғыны өзінің танысын атыс қаруынан өлтіргені алдын ала анықталған.
Кейіннен күдікті Toyota Land Cruzer Prado 150 автокөлігін ұрлап, оқиға орнынан қашып кетті. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі (Кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде полицейлер ұсталған адамды ауыр қылмыс жасауға итермелеген себептерді анықтап жатыр.