Ақмола облысының әкімі қаңғыбас иттерге 100 млн теңге бөлді
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қаңғыбас ит пен мысықтарға панажай салу үшін 100 миллион теңге бөлінгенін жеткізді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы әкім баспасөз отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, өңірде өріп жүрген ит пен мысықтың мәселесін шешу үшін облыстық бюджеттен 100 миллион теңге бөлінген.
“Расында да бізде қаңғыбас иттер мен мысықтар проблемасы бар. Мемлекет басшысының сәуір айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселеге ерекше назар аударғаны кездейсоқ емес. Өткен жылдың наурыз айында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылдағанда біздің экологтар, зоотехниктер жеңіске жетті. Содан бастап көп нәрсе өзгерді, жануарларға деген көзқарас өзгерді. Қазір біздің ветеринарлық станциялар ит-мысықты аулай алмайды, ата алмайды. Мұнда чиптеу, панажайларда ұстау секілді арнайы алгоритмі бар. Бұған біз шамамен 100 млн теңге бөлдік. Өткен жылы 10 млн теңге бөлінген еді. Яғни, бөлінетін қаражатты 10 есеге ұлғайттық”, - деді Маржықпаев.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірдегі қаңғыбас иттерге арнайы панажайлар салынады.
“Біз бес негізгі ауданда жер учаскелерін бөлдік. Елорда маңынан бір панажайға орын табылды. Облыс орталығының жанынан да солай ашамыз. Бұл мәселені үнемі ерекше бақылауда ұстаймыз. Бес айда 1650 ит ұсталды, біз осы алгоритм бойынша жұмыс істеп келеміз. Панажай бойынша конкурста жеңіске жеткен компаниялар бар. Олар жоғарыда айтылған алгоритм бойынша айналысатын болады”, - деді Ермек Маржықпаев.