- Басты жаңалықтар
- Саясат
- «Ақорда» резиденциясында Албания Президенті Байрам Бегайды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті
«Ақорда» резиденциясында Албания Президенті Байрам Бегайды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті
Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Албанияның мемлекеттік әнұрандары шырқалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Байрам Бегай бір-біріне ресми делегациялардың құрамын таныстырды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Ақорда хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Байрам Бегай шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы шақыруын қабыл алып, Қазақстан астанасына келгені үшін Албания Президентіне алғыс айтты.
“Бұл – тарихтағы Албания Президентінің Қазақстанға жасаған алғашқы сапары. Сіздің ресми сапарыңыз өзара ынтымқатастықты дамыту тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан Сіздің еліңізбен тығыз қарым-қатынас жасауға ниетті. Біз екі тараптың мүддесіне сай келетін көптеген салада өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік мол деп санаймыз. Екі аптадан соң елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Сіздің сапарыңыздың осы айтулы датамен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар”, – деді Президент.
Албания Президенті Байрам Бегай Астанаға шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді
“Қазақстанға сапармен келгенім үшін өте қуаныштымын. Арнайы шақырғаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Өзіңіз айтқандай, бұл сапар дипломатиялық байланыстарымыздың 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл біздің саяси қарым-қатынасымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Енді экономикалық ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер тауып, бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Сізді Албанияға сапармен келуге шақырамын”, – деді Байрам Бегай.