Ақтауда үш баласын өлтірген әкеге қатысты тағы бір дерек шықты
Үш баласын өлтірген қаскөй шынымен Сириядағы қақтығыстарға қатысқан ба? Полиция түсініктеме берді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Маңғыстау облыстық Полиция департаменті үш баласын өлтірген күдіктінің "Жусан" бағдарламасымен Сириядан келгені туралы ақпаратты жоққа шығарды.
"Учаскелік полиция инспекторының биыл наурызда балаларын өлтірген Ақтау тұрғынына қатысты мәлімдемесі тексерілген. Полицей күдікті қазақстандықтарды Сириядан қайтару жөніндегі "Жусан" бағдарламасының қатысушысы болғанын және есепте тұрғанын айтқан еді. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды. Сондықтан қызметкермен алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді", - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, Ақтауда үш баласын өлтірді деген күдікпен ұсталған әкенің әрекеті қоғамда қызу талқыланған болатын.