Wednesday, 24 April,2024

Ақтаудағы бір мектепте 17 жұп егіз бала оқиды

Алмас Абылай
Фото Видеодан кадр

Ақтаудағы №12 мектепте 17 жұп егіз бала білім алады. Соның 9-ы биыл 1-сыныпты аяқтайды, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Хабар24 телеарнасының ақпаратына сүйенсек, былтыр мектепке осынша егіз келгенде ұстаздар да таңқалған екен. Бір-бірінен аумайтын  бүлдіршіндерді бастапқыда бір сыныпта оқытпақ болған. Бірақ мұғалімдерге бәрін бірдей айыру қиын болатындықтан бірнеше сыныпқа бөлген. Солардың бірі Медина мен Адина. Егіздерді әжесі мектепке әкеліп, алып кетеді. 

"Егіздер көп осы мектепте. Әрқайсысы әр сыныпта. Бес балам бар. Үлкен баламның үшінші балалары егіз. Өзіміз де таңқалдық егіз болады дегенде. Қуанғанымыздан бірімізге айтпай, жасырдық. Тіл тиіп кетеді деп қорықтық. Аллаға шүкір, міне 1-класты бітіріп жатыр", - дейді егіздердің әжесі Сәнипа Арықпанова.

Егіздер Әминат пен Аянатты да әжесі сабақтан соң күтіп алады. 4 баланың анасы үлкен перзентінен егіз немере көргеніне қуанышты. Бұрын әулетте егіздер болмаған. Бет-әлпеті сырт көзге ұқсас көрінетін қыздар сабақта үлгілі, үйде тындырымды.

"Менің ойымша, егіз баққан оңай, жалғыз балаға қарағанда. Себебі, ешкімді іздемейді. Өздерімен өздері ойнайды. Киім алу жағынан кішкене қиындық болмаса, былай егіз баққан оңай", - деді Жұмазия Айтболатова.

Мектеп директоры Жаннат Әнесов бүгінге дейін 30-дай егіз оқушының мектеп бітіргенін айтады.

"Былтыр 1-сыныпқа 265 бала қабылданып еді. Сыныптарға бөлгенде қарасақ 9 егіз шығып тұр екен. Жалпы қазіргі таңда оқып жатқан 17 егізіміз бар. Олар 3,4,5 және 8,9-сыныпта. 9-сыныпты егіз қыз бен бала бітіріп жатыр", - деді мектеп директоры.

Ұсынылатын