Sunday, 8 December,2024

Ақтөбе облысында тікұшақ құлап, бір адам мерт болды

Uaqyt.info
Фото ашық дереккөзден

Қорғаныс министрлігі Ақтөбе облысында тікұшақ апатынан 36 жастағы Әуе қорғанысы күштері әскери институты авиациялық эскадрильясының офицер-нұсқаушысы, майор Батыр Оразымбетов қаза тапқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Uaqyt.info Halyq Uni-не сілтеме жасап.

Офицер Әуе қорғанысы күштері әскери институтын 2009 жылы «Ұшақтар, тікұшақтар және авиациялық қозғалтқыштар» мамандығы бойынша бітірген. Қызмет барысында Әуе қорғанысы күштерінде түрлі лауазымдарды атқарған.

Оның МИ-8 тікұшағын басқаруда үлкен тәжірибесі бар. Жалпы ұшу уақыты 500 сағаттан асады. Қызмет барысында жоғары кәсібилік пен адалдық танытқан. Биыл көктемде болған су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысты. Медальдармен марапатталған. Үйленген, артында екі баласы қалды, - деп жазылған хабарламада.

Апатты жағдайда қону кезінде Әскери институт авиациялық эскадрильясының командирі, майор Бибарыс Ибраев, Оқу-жаттығу авиациялық орталығының аға ұшқыш-нұсқаушысы, аға лейтенант Рүстем Нығметов зардап шеккен. Қазір олар облыстық ауруханада жатыр. Жағдайлары тұрақты-ауыр.

Қаза тапқан офицер мен зардап шеккендердің туыстары мен жақындарына жан-жақты қолдау көрсетіледі.

Ұсынылатын