Ақтөбеде 4 жасар ұлын ұрып өлтірген әке өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Ақтөбеде 4 жасар баласын өлтірді деп күдікке ілінген әке сотта соңғы сөзін айтты. Артур Ахунов "Жас баланы өлтіру" бабымен айыпталуда, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Артур Ахуновқа сот үкімі шықты. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
"Артур Ахунов Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігімен айыпты деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қауіптілігі барынша жоғары түзету мекемесінде өтесін. Мұндай жағдай қайталанбас үшін облыстық полиция департаментінің бастығына, облыстық білім басқармасының басшысына жеке қаулы шығарылды. Олар Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына шешім туралы хабарлауы тиіс", - деді судья Нұрлан Бақтығалиев.
Еске салайық, оқиға өткен жылдың желтоқсанында болған еді. Сот материалдарында көрсетілгендей, 2022 жылдың 23 желтоқсанында Артур Ахунов ұлымен бірге жалдамалы пәтерде болған. Аурудан мазасы қашып, әрі әжесінің үйінде қалған бауырларын іздеген қылығына шыдамаған әке ұлын ауыр затпен басынан, самай тұсынан, қолымен ішінен ұрған. Есі танып құлаған 4 жасар бала сол жерде қайтыс болады.
Ертеңінде кешқұрым қылмыс ізін жасыру үшін ол баласының мүрдесін қаланың шетіне апарып, тереңдігі екі метр болатын шұңқырға көмген. Жерді қазуға 20 мың теңгеге экскаваторды жалға алып, жүргізушісіне шұңқырға жөндеу жұмыстарынан қалған құрылыс материалдарының қалдығын көмемін деп өтірік айтқан.
Бес күннен соң Артур Ахунов ұлын үйдің ауласында жүрген жерінен жоғалып кетті деп құзырлы орындарға хабарлаған.
Кейін баланы іздеуге полициямен қатар еріктілер де атсалысты. Ақырында барлық мән-жай белгілі болды.