Ақтөбеде әкім орынбасары 15 тәулікке қамалды
Ақтөбеде аудан әкімі орынбасары көлікті масаң күйде жүргізгені үшін кінәлі деп танылды. Сот шешімімен ол 15 тәулікке қамалып, 8 жыл көлік жүргізу құқығынан айырылды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, шенеунік жол жүру тәртібін 9 наурызда бұзған. Алайда ол полиция қызметкерлерінің талабына бағынбай, медициналық тексеруден бас тартады.
"Азамат К. полиция қызметкерлерінің алкогольдік, есірткілік мас болу фактісі бойынша медициналық тексеруден өту туралы заңды талабын орындаудан бас тартқан. Алайда, әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәсі іс материалдарымен (бейне жазба, аурухана қызметкерлері мен наркологтың айғақтары) расталды. Дәрігер сотта шенеуніктің медициналық тексеруден бас тартқанын, денсаулығының нашарлауы анықталмағанын айтты. Сот шешімімен шенеунік кінәлі деп танылды", – делінген сот хабарламасында.