Ақтөбеде анасы мен баласын өлтірген қаскөй тергеу абақтысында асылып қалды

Ақтөбеде анасы мен баласын өлтіріп, 13 жасар қызды пышақтап тастаған күдікті тергеу абақтысында өз-өзіне қол салды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 23 жастағы күдікті 29 сәуірде камерада асылып қалған. Оның өмірін аман алып қалу мүмкін болмады.
"Күдіктіні түнде мекеме қызметкерлері анықтады. Кезекші ауысым дереу алғашқы медициналық көмек көрсетті. Қолданылған шараларға қарамастан тергеудегі адамды аман алып қалу мүмкін болмады. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригадасы тергеу жүргізіліп жатқан адамның өлімін растады. Оқиға ТЖҚБ тіркелді, ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы (Өзін-өзі өлтіруге итермелеу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - деді баспасөз қызметіндегілер.
Естеріңізге сала кетейік, 29 наурызда Ақтөбедегі пәтерлердің бірінен 35 жастағы әйел мен оның 16 жастағы ұлы өлі табылған болатын. Ал 13 жасар қыз бала түрлі пышақ жарақатымен ауруханаға түскен еді.