Ақтөбеде атышулы қылмыс әлемінің серкесі қайтыс болды
Ақтөбеде "Төрт ағайынды" ұйымдасқан қылмыстық тобының жетекшісі Еркін Ізбасар қайтыс болды, - деп хабарлайды Uaqyt.info.
Еркін Ізбасардың қайтыс болғанын марқұмның достары жеткізді. Олардың айтуынша, Еркін Ізбасар көп уақыттан бері қатты ауырған.
"Ол кісі көптеген ауыр операция жасатты. Ұзақ жылдар бойы ауырды. Еркін Ізбасар қазақ спортын дамытуда, оның ішінде жас балаларды спортқа баулуда, тәрбиелеуде көп үлес қосты. Әкесі Жұмаш ағай бапкер болды, өзі де палуан. Бірталай жігітке көмектесті. Ақтөбе облысында күрестің дамуына зор үлес қосқан адам десем болады. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрислам Санаевты алып келіп, Ақтөбе облысына ғана емес, қазақ еліне үлкен жеңіс сыйлады. Өзі мүгедек бола тұра қайырымдылық акциясына өте көп қатысты. Жоқ-жітікке көмектесті. Елдің азаматы, елдің батыры деп айтатындай азамат", – деді облыстық мәслихат депутаты Марат Қойлыбаев.
Еркін Ізбасар Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының барлық іс-шарасына қатысып, демеушілік жасады. Ал 2018 жылы оған ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған жетекшілік еткені үшін айып тағылып, сотталған болатын.