Ақтөбеде көкек ана жаңа туған нәрестесін шайханаға тастап кеткен
Ақтөбеде орталық базар аумағынан жаңа туған нәресте табылды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
ҚазАқпарат жазуынша, оқиға орнына келген ювеналдық полиция бөлімінің қызметкерлері таңертең сағат 10.00-де бейтаныс қыздың 3 апталық нәрестені шайханаға тастап кеткенін анықтады. Қыз шайханадағы әйелге барып ақша алып келгенше балаға бірнеше минут қарай тұруын өтінген. Кешке дейін күткен әйел баланы тастап кеткен қыз келмеген соң полицияға қоңырау соққан.
Нәресте полиция бөліміне жеткізіліп, жедел медициналық бригада шақырылды. Дәрігерлердің айтуынша баланың жағдайы бір қалыпты. Ақтөбе қаласы №3 ҚПБ ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімінің инспекторы Жаннур Абдоллаева баланың жаялықтарын ауыстырып, тамақтандырып, сәбилер үйіне жеткізді.
Қазіргі уақытта баланы тастап кеткен әйелді іздеу бойынша жедел іс-шаралары жүргізілуде.