Ақтөбеде үй өртеніп, екі бала тірідей жанып кетті
Ақтөбеде үй өртеніп, соның салдарынан 2013 және 2019 жылы туған 2 бала көз жұмды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайғылы оқиға 22 сәуірде таңғы сағат 04:08-де болған. Өртенген үйге келген құтқарушылар екі кішкентай баланың денесін тапты. Тілсіз жаумен күресуге жеке құрамның 16 адамы және 3 техника жұмылдырылды.
"Шақырту орнына өрт сөндірушілер барған кезде жеке үйдің ас бөлмесі және кіреберіс бөлмесі өртеніп, шатырға ұласқаны анықталды. Өрт кезінде 2013 және 2019 жылы туған 2 баланың денесі табылды. 1954 жылы туған әйел қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Барлығы үйде 5 адам болған. Өрт сағат 04:41-де оқшауланып, 04:49-да сөндірілді. Өрттің ауданы 40 шаршы метр", – деді баспасөз қызметіндегілер.