Friday, 20 September,2024

Ақын Қойшығұл Жылқышиев өмірден өтті

Uaqyt.info
Фото Ашық дереккөзден

Белгілі ақын, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері Қойшығұл Жылқышиев 76 жасқа қараған шағында бақилық болды, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Қаралы хабарды ақын Бауыржан Халиолла өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.

“Жалған өмірдің жарық жамалынан Қойшығұл аға Жылқышиев те көшіп кетіпті. Абзал аға, ардақты ақын, үлкен-кішімен қалжыңы жарасқан жаны жайсаң жан еді. Атырау өңірінің мәдениеті мен өнерін бір кісідей өрге сүйреді. Жастықпен қатты кетсек кеңдік танытып, сыйласақ мәз боп қалатын мәрт мінездің иесі болды.

Қадіріңді біреу біліп, біреу білмеген шығар. Иманды бол, жақсы аға!!!”, - деп жазды ақын.

Қойшығұл Жылқышиев 1948 жылы 24 қазанда Атырау облысының Индер ауданындағы Жарсуат ауылдық кеңесіне қарасты Жаманқұдық жайлауында дүниеге келген.

1975 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, Қазақ теледидарында қызмет істеген. «Өнерпаз» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті. Республикалық «Махамбет» қорының тете-президенті.

Қазіргі күнге дейін марқұм Қазақстан жазушылар одағының Атырау облыстық филиалының директоры болып қызмет атқарды.

 Қойшығұл Жылқышиев «Тұңғыш» (1978), «Мүң-кітап» (1998), «Асаукер» (2001) жыр кітаптарының авторы.

Ұсынылатын