«Арена» қойылымы шығыстың екі қаласында да аншлагпен өтті
Елімізде жаңадан құрылған «Асылтас» театры гастрольдік сапарын Семей және Өскемен қалаларында жалғастырды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Шырмауға түскен шындықтың шынайы келбеті, алдау мен арбауға түскен ақиқат. Өтірік пен көзбояушылық. Осының барлығы «Арена» спекталінің желісіне арқау болған.
«Асылтас» теарының актерлері адамның бойындағы жақсы қасиеттердің алдау мен арбауға түсіп жоғалатынын, ал жасандылық пен алдаудың соңы жақсылыққа апармайтынын шебер жеткізе білді.
Қойылымның құрметті қонағы ретінде атақты ақын, «Түрксой» түркі мемлекеттері жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов, ақын, драматург, драма авторы Бақыт Беделхан, мецанат, театр демеушісі Дулат Тастекей қатарлы зиялы қауым өкілдері қатысты.
Театр құрамында Дулыға Ақмолда, Салтанат Бақаева, Жандарбек Садырбаев, Жанаргүл Жаныаманова сияқты танымал әртістер бар.
Қойылымды тамашалауға келгендердің қарасы қалың, зал лық толы болды. Көрермен сахналық туындыны бір демде көріп шықты.
“Бұл өте қысқа мерзімде, яғни, 15 күнде жазылып сахна төріне аттанған шығармашылық дүние. Драма жайлы талдап айтудың қажеті шамалы, көрермен көріп, көкейге түйіп өзіне керегін алар. Жалпы жұрттың жылы қабылдағанын осыған дейінгі қойылымдар барысында да көрдік. Өнер алды – қызыл тіл. Жаратылыс саздан, сөзден басталса, тіршілік қыздан басталады. Тау айныса құм болар, жер айныса су болар, су айныса бу болар, тіршіліктің тірегі қызы айныса не болар?! Өлең сөздің патшасы сөз айныса не болар?! Сол сөзбен сазды айнытпай сахнада сары алтындай қылып көрсету әр азаматтың парызы деп ойлаймын. Біз соған барымызды салдық. Сондай-ақ, жаңа театр мен жаңа қойылым арқылы Рүстем досымыздың рухына сәлем сала келдік. Бұл – Рүстемнің маңдай тері төгіліп, бар күш-жігерін салған театры ғой. Сондықтан осы орайда бұл театрға Рүстемнің атын берер уақыт келгенін айтқым келеді. Ол оған лайық деп ойлаймын. Оны өнер сүйер жұрттың, жалпы жұрттың қуана қолдайтынына сенемін”, – деді ақын, драматург Бақыт Беделхан.