Saturday, 23 November,2024

“Арғы дүниеге аттанып жатқандар қаншама?!” Мұхамеджан Тазабек операцияға түсті

Uaqyt.info
Фото Ашық дереккөзден

Бұл туралы Мұхамеджан Тазабек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Онда ол операция жасататынына тоқталып, өмір мен өлім туралы толғанған, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Саналы адам болған соң күнде ұйқыға кетерде ойланасың ғой. Сол күнгі өкінішің мен қуанышың, сәттілігің мен стрестерің жайлы…

Ал, сапарға шығарда, қонысыңды ауыстырарда, үлкен жобаларды бастардағы толғанысың мен қобалжуың тіптен бөлек. “Шешімім дұрыс па, қате басқан қадамым жоқ па, алда не күтіп тұр” дегендей ойлар маза бермесі анық…

Күнде батып жүрген ұйқыңның алдында ойланып, толғанатын болсаң, анда-санда бір болуы мүмкін отаның (операция) алдында ше?!

Ұйқының бір аты - кіші өлім!

Кіші өлім болса да Алланың қалауы, ағзаңның заңдылығымен күнде жүзеге асып жатады…

Ал, ота деген қанша дегенмен бірнеше сағатқа болса да кісі қолының араласуымен фәниеден үзілу, терең ұйқыға шомып, тәніңнің ауыруын сезбей естен тану ғой…

Әрине, өлтіріп қайта тірілтетін Алладан үміт етеміз, әйтсе де оянбаған хәлде арғы дүниеге аттанып жатқандар қаншама?!

Ілгеріде Әуезов, Сәтпаев, Айманов арыстарымыздан, кеше ғана Бауыржан Әлиұлы ұстазымыздан да солай көз жазып қалған жоқ па едік?!

Қандай хәлде болса да өлімді ойласаң көңілің пәсейіп, нәпсің сынады, есесіне берекең артып, өмірдің дәмін сезінесің…

Жоқ едің, бар болдың. Дүниеге есімсіз келдің, жалаңаш тудың. Қайтадан жалаңаш кетесің. Екі жалаңаштықтықтың ортасын фәни дүние дейміз. Сол аралықта ішеміз, жейміз, ісеміз, дейміз…

Сүйеміз, сүйікті боламыз, уайымдаймыз, күйіп те қаламыз…

Бір кем дүние бәріміздің басымыздан өтеді. Мың кедейдің қолы жетпес байлық бір байдың қанжығасында жүреді, ханның қазынасында жоқ кей нәрсе қайыршының қоржынында жүреді…

Қайшылыққа толы дүние…

Бір жігіттен басқаның көзі түспейтін қарапайым қыз еріне ұл, еліне тұлға туып бергенін көресің…

Мың жігіттің қолы жетпес хас сұлу эскорт атанып, бұтындағы бір уыс вирус, екі уыс инфекцияның әуресімен шіріп өлгеніне куә боласың…

Ойлана келе бес күн жалғанға адам боп келгесін, адамшылықпен өту - ең абзал мәртебе екенін ұғасың.

Күре тамырыңнан да жақын болған, ата-анаңнан да мейірімді, жарыңнан да қамкөңіл жалғыз Аллаға жақын болуға талпынасың…

Ол ғана жүрегіңе тыныштық, жаныңа шуақ беретінін, Ол ғана балаңа сана, дүниеңе береке дарытатынын, Ол ғана дертіңе шипа, жауыңа қорған болатынын терең сезініп, өтпелі өмірге өкпелемей, тірі жүргеніңді ешкімге міндет қылмай, Ол берген талантпен ешкімге мақтанбай, Ол берген күш-қуатпен ешкімге  қиын қылмай, қолдан келгенше жақсылық жасап, қателескенді кешіріп, өштескенді Оған тапсырып, Алланың аманат ғұмырын ізгілікпен өткергенге не жетсін?!

Әсіресе, бірнеше сағаттық отаның алдында оң-солыңды пайымдайсың…

Аллаға шүкір, ешкімге өкпе-реніш, ыза-кегім жоқ екен. Білместікпен ұмытылған немесе жаман ойлап жауласып жүрген біреу болмаса, менен де тікелей қиянат көріп, ала жібімді аттадың деген пенде есіме түспеді. Алла баршамызды кешірсін, қателіктерімізді өшірсін!

Ешкімнің алдында өтелмеген қаржылай қарызым жоқ екенін ойлағанда тіптен жүрегім орынына түсті…

Алла баршамызды мұқтаждықтан құтқарсын!

Өзінен басқа ешкімге қол жайғызбасын!

Басымыздан өткен ота секілді әрбір сынақ - күнәмізден тазару, Алла алдындағы дәреже, жолымыздың ашылуы болғай!

Ауырмаңыздар!

Алла Тағала әрқайсыларыңыздың дерттеріңізге шипа, дендеріңізге саулық берсін!!!”, - деп жазды Мұхамеджан Тазабек.

Желі қолданушылары Мұхамеджан Тазабекке тез сауығып кетуін тілеп, түрлі пікір жазып жатыр.

 

 

Ұсынылатын