- Басты жаңалықтар
- Қоғам
- “Арық тазалап, ағаштарды әктетеді”. Алматы облысында әкімдік ұстаздарды жұмысқа жеккен
“Арық тазалап, ағаштарды әктетеді”. Алматы облысында әкімдік ұстаздарды жұмысқа жеккен
Алматы облысындағы Байсерке ауылдық округінің мұғалімдері шаш ал десе, бас алатын әкімге өкпелері қара қазандай. Айтуларынша, «Таза Қазақстан» республикалық акциясын желеу еткен шенділер мұғалімдерді көшеге шығарып, тазалық жұмыстарына жегеді екен, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Редакциямызға хат жіберген мұғалімдердің қысқаша айтқанда жағдайы осындай. Олар Байсерке ауылдық округінің әкімі Тілеукен Көпбаеваның әрекетін сынап, мәжбүрлі түрде көше тазалауға шыққандарын айтып отыр.
“Округке қарасты 11 мектеп мұғалімдеріне мектеп территориясынан бөлек ауылдың көшелеріне шығып тырмалап, ағаштарды әктеп, арық тазалап, елдің есік алдын тазалауға мәжбүрлейді. Әр мектептке көше бөліп тастаған, мұғалімдерден агитация тобын құрып тұрғындармен жұмыс жасасын дейді, тұрғындар келіспесе өздерің тазалаңдар дегенге әкеп отыр. Басшылыққа телефонограмманы алады. Тазалық жұмысьарын жасау үшін де не известь, не құрал жабдықтармен қамтамасыз етпейді. Қоқысты шығару үшін де көлік бөлінбейді, өздерің табыңдар дегенге әкеп отыр”, - делінген хатта.
Uaqyt.info мәселенің анық-қанығын білу мақсатында әкімге қоңырау шалды. Тілеукен Көпбаева мұғалімдердің айтып отырғаны жала дейді. Оның айтуынша, тазалық акциясына "мәжбүрлі түрде шығасыңдар" деген ешқандай пәрмен болмаған.
“Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталғанын бәріңіз білесіздер. Сол шара барысында біз ауыл тұрғындарымен, ақсақалдар кеңесі, мекеме басшылары және ұстаздармен жиналыс өткіздік. Онда ешқандай да “көшеге шықсаңдар да шығасыңдар” деген әңгіме болған жоқ. Әркімнің өз еркі өзінде. Бұл - біріншіден патриоттық іс-шара. Ауылымыз таза болсын деген жақсы ниеті барлар қос-қолдап қолдады. Оларға ауыл тұрғындарына, ата-аналарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіңіздер дедік. Айналамыз тап-таза болып тұрса, оның несі жаман?! Сондықтан мәжбүрлеп көшеге шығарды дегендері қисынға келмейді”, - деді Тілеукен Көпбаева.