Арыстанбек Мұхамедиұлы сот алдындағы соңғы сөзін айтты
Астананың №2 Байқоңыр аудандық сотында Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы сот алдындағы соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Uaqyt.info.
“Бір жылдан астам қазақстандықтар және әлем «Алтын адам» көрмесіне қатысты қылмыстық істің барысын бақылап келеді. Биыл 17 сәуірде соттың алғашқы отырысында мен айтқам, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында мен Үндістаннан «Алтын адамды» елге аман-сау алып келдім. Елшілік басқа да құзырлы органдардың көмегімен локдаунның дәл алдында құнды дүниені Қазақстанға жеткіздік. Мен заң бұзған жоқпын және кінәмді толық мойындамаймын. Оны бұған дейін де айтқам”, - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Сондай-ақ ол өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін жеткізді.
“Осыдан 2 ай бұрын басталған сот процесі менің ғана емес, басқа да айыптылардың сөздерінің шынайылығын көрсетті. Менің шынайылығымның дәлелі – айыптау актісінің жаңа тұжырымы. Онда прокурор ұрлау, сөз байласу және заңды бұзу фактілері бойынша бірде-бір дәлел келтірмейді. Барлық шақырылған куәгерлер қаржы жымқыру фактісінің болмағанын айтты. Ешқандай заңсыз әрекеттердің жоқтығын сенімді түрде қайталады”, - деді ол.
Айта кетейік, бұрынғы министр 2022 жылдың мамырында ұсталған болатын. Оған бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылған.