Friday, 17 May,2024

Асан Нұржан грек-рим күресінен әлем чемпионы атанды

Алмас Абылай
Фото Uaqyt.info

Қырғызстанның бас қаласында грек-рим күресінен әлем чемпионаты өтті. Додада спортшы Асан Нұржан ел мәртебесін асқақтатты. 82 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атағын қанжығалады. Uaqyt.info тілшілері осы орайда балуанмен әңгімелескен еді.

Асан Нұржанның айтуынша, алғашқы айналымдағы белдесу өте қиын болған. Себебі қарсыласы ретінде Олимпиаданың 2 дүркін чемпионы, әлем чемпионы Украиналық балуан түсіпті.

"Қырғызстанның Бішкек қаласындағы әлем чемпионаты 2 қыркүйекте басталды. 12-іне дейін жалғасады. Әрине, алғашқы белдесу мен үшін өте ауыр болды. Украиналық балуан тәжірибелі. Есеп 2:2 болды. Бірақ соңғы ұпайды менің алуыма байланысты келесі айналымға жолдама маған берілді. Осылайша Ирандық балуанды 4:1 есебімен жеңіп, финалда Түрік спортшысымен түстім. Оны айқын басымдылықпен ұттым", - дейді Асан Нұржан.

Сондай-ақ, ол бұл додаға әлемнің түкпір-түкпірінен 400-ге жуық спортшы келгенін айтты.

"Жарыстан алған әсерім өте ерекше. Қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы болғаныма шын жүректен қуаныштымын. Әрі осы жарыс жолына тәрбиелеген, қосқан жанашырларыма, халыққа алғысым шексіз. Әрбір мықты спортшының артында білікті бапкері тұрады. Осы орайда жеке бапкеріме, қосалқы құрамдағы бапкеріме алғыс аййтамын", - деп қуанышын жеткізді спортшы.

Асан Нұржан Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданының тумасы. Бүгінде ҚР Грек-рим күресінен еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның 10 дүркін жеңімпазы, 2022 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы.

Ұсынылатын