Sunday, 8 December,2024

Астанада ақын Ақберен Елгезектің "Болмаған балалық шағы" сахналанды

Uaqyt.info
Фото Ашық дереккөзден

Ақын Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» повесті екінші рет сахналанды. Драма Астана қаласындағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында аншлагпен өтті, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бұл туралы el.kz сайты жазды. Қойылымға ҚР Мәдениет және Спорт минстрі Асхат Оралов пен зиялы қауым өкілдері қатысты. Режиссер Әли Бидахметтің жетекшілігімен қойылған спектаклге келген көрерменнің қарасы қалың, залда ине шаншар орын қалмады.

Татқан дәм-тұзы қандай болса да әр пенденің басынан қилы-қилы балалық кешірме өтеді. Ғұмыр бойы сағынышпен еске алатын да, көкейінен кетпей зарықтыратын да – осы мөлдір шақ. Балқұндақ бала кездің ауылна бір айналып соқпайтын адам кем. Өмірдің әр бел-белесін бағындырған сайын артта қалған есіл дәуренің күннен күнге ыстық бола түседі. Сені әлпештеп алақанына салып өсірген етжақындарың араңнан аттанған сайын балалықтың қадірі еселене бермек. Бәріміздің ішімізде мейлі бақытты не бақытсыз болсын бір бала өмір сүріп келеді.

 

Ақберен Елгезек әдебиет табалдырығын өлеңмен аттаған. Дүйім Алаш жұртына сырлы да сұлу поэзиясымен аты жайылды. Ақынның шығармасы туралы аз жазылмады. Соның ішінде ең сүбелісі, шайыр болмысын аша түскен, жан қатпарына үңіле білген – жазушы Таласбек Әсемқұлов еді. «Талғам – эстетикалық ар-ұят» атты мақаласында: «Ақберен жырларындағы лейттон, басты әуен – күмән. Өзінің ең жауһар жырларынан теріп құрастырған жүз елу беттік шағын жинақтың басынан аяғына дейін, бірде Тәңірінің дидарын көргендей қуанған, бірде қимасынан айырылғандай қасіреттенген, бірде сүйінішті, бірде қамырықты, бірін-бірі алмастырған сезім күйлерінің астарында қалмай ілесіп отыратын, жүрек суырған күмән» дейді. Әр өлеңнің астарында бір тағдыр бар. Шайырдың өлеңінің ішкі иірімін түсінбек үшін оның басып өткен шытырман жолына көбірек үңілген абзал.

 

Ақберен Елгезек «Болмаған балалық шақты» әуелі көкірекке жиналған сары суды ақтармақ үшін жазған тәрізді. Бірақ жүрек түбінен қайнап шыққан асыл сөздің ғұмыры ұзақ болады екен. Бірден жұртшылық жылы қабылдап, жалғасын сарыға күте бастады. Осылайша ақын қаламынан туған ғажайып повесть дүниеге келді. Бұл шығарманы оқып, бала Ақбереннің тағдырына қаныққан оқырман өлеңдеріндегі жұмбақ «күңгірттіктің» шешуін оңай таппақ. Спектакль көтерген және бір түйткілді мәселе – Семей полигоны. Ағасы Данышпан (Үсен Бекжігіттің рөлі) сол тажалдың тырнағына ілінген көп бейкүнә жанның бірі. Қанша жерден кеміс болып туғанмен жүрекке ақау түспейді. Данышпанның гүлдің, көрші қыздың суретін салуы олардың да сүйе алатынын, жүрегінде махаббат бар екенін көрсетеді. Ақош шөптің үстінен құлағанда шыр-пыр болып күйінеді. Елжірейді.

 

Данышпанның бір жұтым суға зар болып ғұмырдан көшуі – аңсарына, аяулы өмірге жете алмаған жазықсыз жандардың жиынтық образы. Құдықтан су әкеліп берші деп жалынғанда Ақош оянбай қояды. Сонда санасынан уақиғалар лентасы өтіп жатқан автор Ақошқа тұршы деп жалынады. Сол сәт қайта айналып бір келер болса осылай істер едім деген пенделік өкінішіміз керемет қиюласқан.

 

Ақош – «Құдайды жерлеген» заманның баласы. Спектаклдің және бір ой салар биігі – Ақоштың Құдай жайлы ойы. «Қара маңқаның Ленині, менің апам бар» дейді. Ақош нағашы әжесі (Ажар Шәкіржанованің рөлі) айтқандай «Құдайдың баласы». Ол Құдайдан тілеп еді автобус бұзлып қалып, әпкесі Маржан Алматыға қайта алмай қалады. Баланың періште тілеуінен кейін әр істің қайыры болады. Осылайша имансыз қоғамда жүрегінен Құдайдың ғажап сәулесі өшпеген бала өсіп келе жатады. Ол Құдайдан тілеп еді әкесінің інісі келіп Қалиясқардың (Нартай Сауданбекұлы рөлі) тепкісінен құтқарып алады.

 

Әр көрінісі адамды тұңғиық ойға, ыстық әзілге бөлеген спектакль өте жоғары деңгейде өтті. Оны қойылым аяқталғаннан кейінгі көрерменнің ұзақ-ұзақ дүркіретіп соққан қол шапалағынан да аңғаруға болады. Ақын Ақберен Елгезекке де жүрегін жарып шыққан туындысының көз алдында қайтадан жанды суретке айналғаны оңайға соқпағаны анық. Көзіне жас үйіріп, толқып тұрып көпшілікке алғысын білдірді.

 

“Баршаңызға рақмет! Бір күлдік, бір жыладық. Мен «Құдайдың баласы» ретінде айтайын бұл шығарма менкі емес. Оны жазған – Құдай. Менің қолыммен. Осындай тағдыр берді, жаза алатын қабілет берді. Осы Әли, Алматыда Фархат Молдағалиев сияқты бауырларымды жолықтырып, осының бәрін қойып, сіздерді осы жерге жинап отырған – Құдай. Мен емес. Сондықтан Құдай бар. Бірінші реткі қойылымда да тура осындай көңіл-күй болған. Қазір, шынымды айтсам түсім сияқты болып тұр. Дірілдеп, не айтып тұрғанымды да біліп тұрған жоқпын. Маған керемет ұнады. Сіздермен бірге күлдім, сіздермен бірге жыладым. Бірақ оның бәрі менің жүрегіме мың есе көбірек тиіп жатыр. Авторларға рақмет! Осы театрдың басшылығына рақмет! Мынандай гүл беріп жатқан Асхат бауырыма рақмет! Баршаңызға рақмет! Театр жасай берсін!”, - дедй Ақын Ақберен.

Ұсынылатын