- Басты жаңалықтар
- Спорт
- Астанадағы Көшпенділер ойынына әлемнің 50 елінен тоғызқұмалақ ойнауға командалар жиналады
Астанадағы Көшпенділер ойынына әлемнің 50 елінен тоғызқұмалақ ойнауға командалар жиналады
Астанада ҚР Тоғызқұмалақ федерациясының жиыны өтті. Оған ұлттық құндылықты насихаттау, дамыту жолында еңбек етіп жүрген өңірлік федерациялар, жаттықтырушылар мен жанашырлар жиналды. Шарада республикалық тоғызқұмалақ федерациясының Қамқоршылар кеңесі құрылды, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Қамқоршылар кеңесінің төрағалығына Парламент Мәжілісі депутаты Мұрат Әбенов бекітілді. Кеңес мүшелеріне меценат Дулат Тастекей, кәсіпкер Бақытбек Хамит, Талғат Нәрікбаев, Рашид Жақсылық секілді азаматтар кірді.
"Ұлттық зияткерлік ойынның дамуына үлкен үлес қосуға дайын екенімізді айтқым келеді. Себебі тоғызқұмалақты жаңа деңгейге шығарудың уақыты келіп қалды. Әріптестеріммен бұл жолда көп жұмыс атқаратынымызға сенемін. Еліміздегі ұлттық ойынның басқа да жаңашырларын осы іске қосылуды шақырамын", - деді Қамқоршылар кеңесінің мүшесі Дулат Тастекей.
Кездесуге сондай-ақ аймақтардағы федерация басшылары мен бас жаттықтырушылар да қатысып, күн тәртібінде бірнеше сұрақ талқыланды. Тоғызқұмалақтың бірегей тақтасын таңдау үшін оны жасаумен айналысатын кәсіп иелері де келді.
"Биыл Астанада 5 жылда бір өтетін Көшпенділер ойыны ұйымдастырылады. Бұл бүкіл түркі әлеміне ғана емес дүниежүзінің көптеген мемлекеттері үшін маңызды шара болмақ. Ойындарға дайындық қызу жүріп жатыр. Көшпенділер ойынына әлемнің 50 елінен тоғызқұмалақ ойнауға командалар жиналады. Бұл бұрын-соңды болмаған. Оны жоғары деңгейде өткізу - болашақта осы ұлттық зияткерлік ойынның дамуына серпін болады", - деп атап өтті федерация өкілі, журналист Ришат Асқарбекұлы.
Қамқоршылар Кеңесі бейресми ұйым. Оның басты мақсаты – тоғызқұмалақтың дамуына, стратегиялық бағыттарын анықтауға көмек көрсету және жалпы тоғызқұмалақтың танымалдылығын арттырып оның жан-жақты жүйелі дамуына қолдау көрсететін тұлғалардың басын біріктіру. Дүниежүзілік және Тоғызқұмалақ Федерациясының президенті Алихан Байменов жиында барша қауымдастық атынан тоғызқұмалаққа демеушілік жасап жүрген кәсіпкерлерге, қоғам қайраткерлеріне және барша тоғызқұмалақ жанашырларына шын жүректен алғысын жеткізді. Әсіресе бүгін құрылған Қамқоршылар Кеңесіне кіретін азаматтардың осы игі қадамы тоғызқұмалақтың дамуына жаңа леп беретінін атап өтті.