Monday, 25 November,2024

Аты аңызға айналған Панфилов дивизиясының соңғы сарбазы Алматыда қайтыс болды

Uaqyt.info
Фото Ашық дереккөзден

Алматыда Панфилов дивизиясының соңғы сарбазы Қайырлы Жоңқабаев 102-ге қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Қаралы хабарды Ұлттық ұланның ардагері Данара Тәңірбергенқызы айтты.

"Панфиловшы Жоңқабаев Қайырлы Уатайұлының туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз", - деп жазды Данара Тәңірбергенқызы.

Қайырлы Уатайұлы 1921 жылы 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1940 жылы ШҚО Құлжа орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1941 жылы қазан айында Панфилов дивизиясының 23-ші гвардиялық полкіне Қызыл әскер жауынгері болып алынды.

Ардагер соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан. 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында пулеметші болған,  Кеңес одағының батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір ротада болған, Белорусь, Польша, Эстонияны азат етуге қатысқан. 1943 жылы ақпанда Ржевтегі қанды майданда ауыр жараланған, жеңісті Дрезденде қарсы алған.

Соғыстан кейін Самар аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. Әрі қарай аудандық тұтынушылар одағының жүйесінде басшылық қызмет атқарған. 

1970 - 1983 ж.ж. Алматыдағы общепит жүйесінде шаруашылық есептерінің директоры болды. 1983 жылы құрмет демалысына шықты, бес бала тәрбиелеп өсірді.

Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» және ІІ дәрежелі «Отан соғысының» орденімен, «Ерлігі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін» медальдарымен және басқа да көптеген медальдармен марапатталған.

Ұсынылатын