Атырау облысында жасанды бөгеттер жарылды
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ұлы Жем өзені арнасын бұру үшін жасанды бөгеттерді жару жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
“Жылыойға төнген қауіпті сейілту мақсатында Жем өзенінің сағаларын ашып жатырмыз. Бұл маңда кезінде көптеген жеке шаруа қожалықтар суды жинап алу мақсатында ағыс көзін бітеп, жасанды бөгеттер тұрғызған. Бұл қалаға келген судың ағыспен ағып кетуіне үлкен кедергі болып отыр. Соған байланысты бітелген арналардың көзін бөгеттерді жару арқылы ашып жатырмыз. Оны тротилмен жарып, өзен кедергісіз ағып жатыр”, — деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.
Айта кетейік, бұдан бұрын тасқын судың қаупіне байланысты Жылыой ауданында төтенше жағдай жарияланған болатын. Қауіпті аймақтан 30 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды.