Saturday, 23 November,2024

Атырау облысында жолаушыны ұрып, тапаншамен атып кеткендерге сот үкімі шықты

Uaqyt.info
Фото ашық дереккөзден

Атырау облысында автобуста отырған жолаушыға шабуыл жасағандар сотталды, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бұл туралы Атырау облысы Жылыой аудандық соты хабарлады.

Атырау облысының Жылыой аудандық сотында атыс қаруын және денсаулыққа зиян келтіретін басқа заттарды қолдану арқылы бұзақылық жасағандары үшін айыпталған Л. және А.-ға қатысты қылмыстық  іс қаралды (ҚК-тің 293-бабының 3-бөлігі).

2023 жылғы 20 қарашада Жаңа Қаратон поселкесінде сотталушылар А. және Л. темір арматура және  травматикалық тапаншамен қаруланып, тоқтап тұрған «Т» ЖШС-нің қызметтік автобусына кірген және бұзақылық ниетпен жолаушы С.-ны ұрып, оған қарай травматикалық тапаншадан екі рет оқ атқан. Кейін оқиға орнынан қашып кеткен.

Сотталушылардың қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтірілді. 

Прокурор сотталушыларға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сотталушылар өз кінәларын толық мойындады.

ҚК-тің 293-бабының 3-бөлігінің санкциясымен 3 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Сотпен жаза тағайындау барысында қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушылардың өз кінәларын мойындап, шын жүректен өкінуі, бұрын сотталмағандары ескерілді. Іс бойынша ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

Сот үкімімен сотталушылар ҚК-тің 293-бабының 3-бөлігімен кінәлі де танылып, оларға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Ұсынылатын