Thursday, 19 September,2024

Атырауда діни бағытта білім берген "Ұлттық қыздар мектебі" жабылды

Uaqyt.info
Фото Ашық дереккөзден

Атырауда сот шешіміне қарамастан өз жұмысын жалғастырып келген "Ұлттық қыздар мектебі" қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Бұл туралы Облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бердібек Таишев айтты.

“Біз өз кезегімізде талай тексеріс жұмыстарын жүргіздік. Сот арқылы екі рет айыппұл да салынды. Біліктілік талаптарына сай келмейтін мектепке лицензия берілмеді. Ақыры, заңға бағынбаған кәсіпкерді сотқа бердік. Сөйтіп, сот шешімімен мектеп жабылып отыр”, - деді Таишев.

Айта кетейік, бұған дейін Атыраудағы "Ұлттық қыздар мектебі"  салафиттік бағытта білім беретіні туралы айтылып, қоғамда үлкен шу туған болатын. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, білім ордасы лицензиясы жоқ бола тұра, өз жұмысын жалғастырып келген.

“Қазақ ұлттық қыздар мектебі» ЖШС заңды тұлға ретінде 2022 жылғы 18 маусымда Азаматтарға арналған үкіметте тіркелген. Қызметін лицензиялауды талап ететін білім беру қызметінің кіші түрі деп көрсеткен. Алайда, мектеп өз қызметін Атырау қаласында 2022-2023 оқу жылының 1 қыркүйегінде 7-сыныпқа 117 баланы қабылдап, жеке білім беру ұйымы ретінде бастаған. «Қазақ ұлттық қыздар мектебі» ЖШС тарапынан Қазақстан Республикасының білім саласындағы заңнамасын бұзуға, атап айтқанда, лицензия болмаған кезде қызметті жүзеге асыруға жол берілді”, - деді баспасөз қызметіндегілер.

 

Ұсынылатын