Атырауда мұз үстінде доп ойнап жүрген екі бала суға кетті

Атырауда Жайық өзенінде мұз жарылып, екі бала суға түсіп кетті. Құдай сақтағанда екеуі де дін-аман, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқыс оқиға 7 наурызда болған. Мұз ұстінде доп теуіп жүрген екі бала мұздың жарылуы салдарынан суға кетіп қала жаздады. Құдай сақтағанда, оларды полицейлер байқап, көмекке келген.
“Құтқару қызметінің байланыс бекетіне мұз ойылып 2 бала түсіп кеткені туралы шақырту түсті. Құтқарушылар оқиға орнына жеткен кезде 2007 жылы туған 2 жасөспірім мұз ойылып, мұзды ұстап тұрғаны анықталды”, – делінген хабарламада.
Малмандай су болған екі баланы сүңгуірлер жағаға алып шығып, оларға медициналық алғашқы көмек көрсетілді. Мамандардың айтуынша, балалар доп теуіп жүріп, қауіпсіздік шараларын ұмытып кеткен. Өйткені олар мұз бетіне шығуға тыйым салатын белгіге мән бермепті.