Атырауда жоғалып кеткен 16 жастағы қыз әлі табылмай жатыр
Атырауда үйінен шығып, сол күйі хабар-ошарсыз кеткен жасөспірім қызды іздестіру жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Атырау облыстық ТЖД қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, іздестіру жұмыстарына 14 құтқарушы, 4 жүзу құралы жұмылдырылған.
"Осы кезге дейін жедел-құтқару жасағының сүңгуірлері Жайық өзенінің 730 шаршы метрден астам аумағында су астынан іздеуді жүргізді. Алайда, бүгін, 19 сәуірде Жайық өзенінде су деңгейінің көтерілуіне, ағыстың жылдамдығы мен жел екпінінің күшеюіне байланысты іздестіру тоқтатылды. Өйткені, сүңгуірлерге өзен ағысының жылдамдығы секундына 2 метр болғанда іздестіруді жүргізуге рұқсат етіледі. Қазір Жайық өзеніндегі су ағысының жылдамдығы – секундына 3,5-4 метр", - делінген хабарламада.
Айт кетейік, 16 жастағы қыздың туыстары жақындарының жоғалғаны туралы хабарламаны 7 сәуірде түсірген. Бірақ содан бері 13 күн өтсе де, қыз әлі табылған жоқ.