Ауруынан толық айықпаған Жүрсін Ерман айтысқа оралды
Айтыстың абызы атанған ақын Жүрсін Ерманның айтыста отырған сәті ғаламторда қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Денсаулығы сыр беріп, сырт елде бірнеше ай емделген Жүрсін Ерман айтыста көзге түсті. Ақынның қазы болып отырған сәтін белгілі меценат Дулат Тастекеев өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады. Онда кәсіпкер 72 жастағы ағасының өнерге деген құрметіне ырзашылығын білдірген.
“Жанкештілік емей немене? 72 жасында сынақ қып берген сырқатты сырғытып артқа тастаса да, ұзақ алған ем-домнан кейін толық қалпына келіп үлгермеген Жүрсін ағамыз айтыс алаңына келіп, жарқ етіп, жастарға жалын бергендей болды. Ол кісіні көрген кез-келген құлыншақтың көсіліп шауып, Жүрсіннің жүйріктері қатарынан орын алғысы келері анық. Ағамыздың денсаулығы да әлі толыққанды тәуір емес. Дегенмен жігері жұқалмаған. Айтыстың қара нары -Жүрсін Ерманға бақытты да аман-сау ұзақ ғұмыр тілеп қойыңыздаршы. Көп тілегі көл болып, періштелер әумин деп, жаратқан жарылқасын!”, - деп жазды Дулат Тастекеев.
Желі қолданушылары да Жүрсін Ерманға тілектерін үйіп-төгіп жазып, ақынға ұзақ ғұмыр тілеген.
"Керемет! Жүрсін аға, ауырмаңыз! Айтыс өнері дами берсін", "Аман болсын! Әлі талай қазақтың биікке шығуына, елге танылуына себепкер болып жүре берсін. Денсаулық тілеймін", "Жүз жасап, ұрпағымен мың жасасын", "Тамаша! Жүйрік жүрісінен жаңылмайды, қайратты еркек аурумын деп төсекке таңылмайды - деген осы. Ағамыз ауруынан құлан таза айығып кетсін. Айтыс өнерінің бүгінгі абызына айналып, аңыз адамға айналып бара жатқан ағаларымыз аман болсын!", - деп жазды желі қолданушылары.