Saturday, 23 November,2024

Баға қайда барасың? Қазақстанда электр энергиясы қымбаттады

Uaqyt.info
Фото

Елімізде кәсіпкерлер үшін электр энергиясы қымбаттады. Кей өңірлерде тариф құны бірден 50 пайызға өссе, кей аймақтарда 80 пайызға бірақ көтерілген, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Әсіресе бұл жаңалық шымкенттік кәсіпкерлер үшін жаңа ұстатарлық жағдай болды. Олардың айтуынша, бұл жолы электр жарығының құны бірден 80 пайызға өскен.

Айта кетейік, бизнес өкілдері бұған дейін бір кВт үшін 23-35 теңге аралығында төлесе, өткен айдан бастап 47 теңге төлеуге мәжбүр.

“Атамекен” телеарнасына сұхбат берген кілем зауытының директоры Дәулет Анашаевтың айтуынша, электр энергиясының қымбаттауы көп бизнестің тоқырауына алып келеді.

“Былтырдың өзінде төрт рет электр энергиясының бағасы өсті. Қазір біз 26.2 теңге төлеп отырмыз. Былтырғымен салыстырғанда екі есе көп шығынға батып отырмыз.  Ал қазір келіп 47.2 теңге төлейсіңдер дейді. Егер бұл шешім күшіне енетін болса, көптеген кәсіпорындар банкротқа ұшырайды”, - дейді кәсіпкер.

Кәсіпкерлердің айтуынша, тариф құнының көтерілуі тауарлардың бағасына тікелей әсер етеді. Яғни, салмақ қарапайым халықтың қалтасына түседі деген сөз. Инфлияцияның да бетімен кететіні айтпаса да түсінікті. Мамандар қателікті дер кезінде түзетпесек, жағдай қиын дейді.

“Тариф екі есеге көтерілсе тауардың бағасына бірден әсер етеді. Қазірдің өзінде біз электр энергияға 23 теңгемен есептегенде ай сайын 40 миллион теңге төлейміз. Егер 50 теңге қылса, 80 миллион болып кетеді”, - дейді “QazAIPack” ЖШС бас энергетигі.

Айта кетейік, жақында Ұлттық экономика және Энергетика министрлігі іріктеу шарасын жүргізіп, 500-ден астам энергиямен жабдықтаушы компанияның жұмысын тоқтатқан болатын. Яғни нарықта тарифін тек мемлекет бекітетін ұйымдар қалған. Ал олар бағаны қолдан қымбаттатып, соның салдарынан 10 мыңнан астам шағын және орта кәсіптің шығыны артып отыр.

Осыған орай қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығы өз ұсыныстарын дайындап, мемлекеттік органдарға жолдады. Әзірге ондағылардың қандай қадамға баратыны, мәселені қалай шешетіні уақыттың еншісінде.

Ұсынылатын