- Басты жаңалықтар
- Оқиға
- "Баламның өмірі үшін қатты қорықтым". Ақтөбелік келіншек пойызда босанып қалды
"Баламның өмірі үшін қатты қорықтым". Ақтөбелік келіншек пойызда босанып қалды
«Алматы-Ақтөбе» бағытындағы пойызға мінген жүкті келіншекті жолсерік босандырып алды. Кейін оны жақын маңдағы Жем стансасында дәрігерлерге тапсырды, деп хабарлайды Uaqyt.info Kazinform-ға сілтеме жасап.
Оқиға өткен аптаның соңында болды. Жүкті келіншек «Алматы-Ақтөбе» бағытындағы пойызға Тоғыз стансасынан мінген. Сол кезде толғақ қысып, жолсерікке хабар берілді. Ал жолсерік пойыз машинисіне айтып, жақын маңдағы стансаға жедел жәрдем шақыртты.
Жем стансасына жеткенше әйелді жолсерік босандырып алды. «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, пойыздың жолсерігі Ғалия Қабдрахманова вагонда босанған әйелге қажетті көмек көрсетті. Кейін нәресте мен анасын жедел жәрдем қызметкерлері қабылдады.
«Мен баламның өмірі үшін қатты қорықтым. Алайда пойыз қызметкерлері маған осындай жағдайда көмек көрсетіп, жанымнан кетпей, аман-есен босануыма септігін тигізді. Бұл күн біздің отбасымыз үшін естен кетпес сәттердің біріне айналды. Енді қызым есейген кезде бұл ерекше оқиғаны айтатын боламыз», - деп бөлісті жас ана Айнагүл Тілеубергенова. Ата-анасы дүние есігін ашқан нәрестенің есімін Малика деп қойған.
Айта кетейік, жолсеріктердің көмегімен соңғы 3 жылда «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарында 11-ге жуық сәби дүниеге келді.