Балқаш көлінде екі адам суға кетіп өлді
Uaqyt.info
Фото pixabay
Балқаш көліне балық аулауға шыққан екі балықшы суға кетіп өлді. 35 және 58 жастағы ер адамдар Қарағанды облысының Сарышаған кентінің тұрғындары болып шықты, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, балықшылар қайықпен көлге кетіп, сол күйі із-түссіз жоғалып кеткен. Олардың хабарсыз кеткенін құтқарушыларға марқұмдардың туыстары хабарлапты.
«Жағадан шамамен екі шақырым жерде ТЖД іздеу тобы екі ер адамның денесін тапты. Біз қайықты таппадық. Өлімнің мән-жайын полиция органдары анықтайды. Сот сараптамасы тағайындалды», - деді баспасөз қызметіндегілер.
Құтқарушылар балық аулауға шыққанда қайықтың жағдайын мұқият тексеріп, қауіпсіздік шараларын қатаң ұстануға шақырды.
«Дауылды ауа райында және тәуліктің қараңғы уақытында суға шығуға тыйым салынады. Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін балық аулағанда жағадан алыс кетпеңіздер»,-деді ТЖД баспасөз қызметі.