Балқаш тұрғындары 4 күн болды сусыз отыр
Балқаш халқы 4 күннен бері ауыз сусыз отыр. Әкімдік уәдені үйіп-төккенімен нақты нәтиже болар емес, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Халықтың 4 күннен бері сусыз отырғанын қала әкімі растады. Ол бұған дейінгі ақау жөнделгенімен, су беру кезінде тағы бір тұс сыр бергенін айтады. Яғни, резервуарға су толтыру кезінде қақпа клапаны кептеліп қалған.
"Кеше кешкі сағат 20:00-де қаладағы таза су резервуарларын толтыру жұмыстары басталды. Магистральдық құбырдағы су балғалары мен екпінін болдырмас үшін Тоқырау бас сорғы станциясынан қалалық СВР-ға біртіндеп ұлғайту арқылы су берілді. Сумен жабдықтау көлемінің кезекті ұлғаюы кезінде диаметрі 500 мм болатын қақпа клапаны кептеліп қалды. Осының кесірінен, негізгі сорғы станциясында, бұл бізге үлкен параметрлерге жетуге мүмкіндік бермей жатыр", - делінген әкімдік ақпаратында.
Осылайша жұмысшылар қаладағы таза су резервуарларын кезең-кезеңімен толтыру жұмыстарын жалғастырып, Тоқырау бас сорғы стансасының жүйесін босату, кептеліп қалған қақпа клапанын ауыстыру жұмыстарын қолға алған. Әкімнің сөзінше бүгін кеште халыққа су берілуі тиіс.
Еске салайық, бұған дейін Балқаш тұрғындары 3 күннен бері ауыз сусыз отырғанын жазған едік.