Saturday, 23 November,2024

"Бас прокуратурада істейміз..." Алматыда қазақ тілі пәні мұғалімін оқушыға 4 қойғаны үшін ата-анасы қорқытқан

Алмас Абылай
Фото shutterstock

Алматыда қазақ тілі пәні мұғаліміне ата-ана қысым көрсеткен. Себеп – баласына төмен баға қойылуы, деп хабарлайды Uaqyt.info.

Мектептегі мәселені журналист Ришат Асқарбек Facebook-тегі парақшасында жазды. Дерекке сүйенсек, жағдай «Орбита» ықшам ауданындағы №45 мектепте болған. 11 сынып оқушысына мұғалім қазақ тілінен 4 деген баға қойыпты. Артынша ата-анасы ұстазға қысым көрсетіп, Бас прокуратурада істейтінін айтып қорқытқан.

"Оқушының ұлтында шатағым жоқ. Бірақ әлгі оқушының ата-анасы келіп, мұғалімге қысым көрсеткені, қалай? Ұстаз бала тілді үйренуге құлықсыз, беске тартпайды дейді. Баласына жақсы баға қоюды талап еткен адамдар Бас прокуратурада істейміз, сені жұмыстан шығартамыз деп, мектепті басына көтерген. Тіл үшін ұлттық мәселені қоздырған. Мұғалімнің қан қысымы көтеріліп, дәрігерлер көмегіне жүгінген", - дейді ол.

Кейіннен аталмыш мектепке барып, жағдайды толық көзімен көргеніне де тоқталады. Әрі әлгі қысым көрсеткен оқушы анасы мен әжесі ұстаздан кешірім сұрапты. Ата-анадан зәбір көрген қазақ тілі мұғалімінің есімі Элмира Сәдуақасова.

facebook/Ришат Асқарбекұлы

"Бұл мектепішілік қатардағы оқиға ғой дерсіз. Олай емес. Мұнда қызметін асыра пайдаланып, қызметтік куәлікпен үркітіп, мұғалімді ұлтшыл, сауатсыз деп айыптау жағдайы орын алған. Сондағысы баға үшін. Осындайлар шаршатты, дейді мектеп ұжымы. Бұғып қалмай табандылық танытып, өз құқығын таптатпаған ұстаз бен директор үшін қуануға болады", - деп қорытындылаған жазбасын.

Ұсынылатын