Басы базарда жатыр: Алматыда қараусыз ғимарат жанынан әйелдің мәйіті табылды
Алматы полициясы басы кесілген әйелді өлтірген күдіктіні іздестіруде. Оның мәйіті қаладағы қараусыз ғимарат жанынан табылған деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы қалалық полицияда хабарлады. Дерекке сүйенсек, бүгін таңғы сағат 8:40-та Шолохов көшесіндегі қараусыз ғимараттың жанынан әйел адамның мәйіті табылғаны туралы қоңырау түскен. Оқиға орнына жедел жеткен полиция ақпаратты растаған.
"Тергеу-жедел тобы оқиға орнын тексерді. Әйелдің басы кесілген. Оның кім екені анықталды. Келіншек 1976 жылы туған, тұрақты тұрғылықты жері жоқ, бұрын есірткі қылмысы үшін бірнеше рет сотталған. Біраз уақыттан кейін сол маңдағы сауда орындарының бірінен әйелдің басы табылды", - делінген полиция ақпаратында.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Түрксіб аудандық полиция басқармасымен қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша іс тіркелді. Қылмысты ашуға және оның мән-жайын анықтауға бағытталған жедел іс-шаралар кешені жүргізілуде.