Батыс Қазақстан облысында 26 адам коронавирус жұқтырды

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 26 адам коронавирус дертін жұқтырды, деп хабарлайды Uaqyt.info ктк-ға сілтеме жасап.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, соның 21-і қаңтар, бесеуі ақпан айында тіркелді.
Оның сөзіне қарағанда, солардың 8-і жүкті әйелдер болса, 9-ы — 14 жасқа дейінгі балалар. 18 адам ауруханада ем алса, соның 8-і — жүкті әйелдер.
«Секвенирлеу мақсатында Астана қаласындағы молекулярлы-генетикалық зертханаға 4 сынама жолданды. Нәтижесі кейін белгілі болады», - деді М.Арыспаев.
Департамент басшысының айтуынша, жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) бойынша өткен эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда, аурушаңдық 60 пайызға өсті. 1 қазаннан бері 126 795 адам ауырса, соның 81 686-сы — 14 жасқа дейінгі балалар.
Сонымен қатар 82 адам тұмаумен сырқаттанса, соның 28-і — 14 жасқа дейінгі балалар, 24-і — жүкті әйелдер. Облыста сондай-ақ қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай қолайсыз деп сипатталады. Күні бүгінге дейін 255 адам қызылша жұқтырған. Ауырғандардың 89,3 пайызы — екпе алмағандар.
Өңірде 12 нысанға медициналық бақылау орнатылса, соның алтауы — мектеп, үшеуі — балабақшалар.
«Қазақстан халқының арасында инфекциялық аурулардың (қызылша, COVID-19 коронавирус инфекциясы, тұмау және басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциялар) таралуының алдын алу мақсатында 8 ақпаннан бастап Ауа-тамшы жолы арқылы берілетін инфекциялық аурулардың таралуының алдын алу жөніндегі профилактикалық шараларды күшейту туралы“ № 2 қаулы күшіне енді.
Соған сәйкес медициналық ұйымдарда персоналдың және келушілердің медициналық маска пайдалануы, антисептиктің болуы қамтамасыз етілуі міндеттелді. Халық көп жиналатын жерлерде (әуежайлар, теміржол вокзалдары, автовокзалдар, базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, ХҚО, банктер және басқа), көліктің барлық түрінде (қоғамдық көлік, әуе, темір жол көлігі) медициналық немесе матадан тігілген масканы пайдалануға ұсыным беріледі», - деді М.Арыспаев.