“Базардан қумақшы”. Алматыда “Кенжехан” базарының саудагерлері шу көтерді
Алматыдағы “Кенжехан” базарының 1000-нан астам сатушысы шу көтерді. Бұған базар басшылығының саудагерлерден миллиондап ақша жинауы себеп, деп хабарлайды Uaqyt.info.
“Кенжехандағы” шу туралы КТК телернасы хабарлады. Онда саудагерлердің базар әкімшілігіне деген наразылығы туралы айтылады. Сатушылардың айтуынша, базар жазда күрделі жөндеуге жабылады екен. Осыны желеу еткен басшылық әр сатушыдан 5 миллион теңге талап еткен.
“Тақалған кезде тағы 10 мың доллар керек дейді. Расында бір айда 10 мың доллар іс жүзінде ешкім шығара алмайды. Ол кепіл. Бүйту керек қой, бірінші, мен өзім заңды оқығанмын, шарт әкелу керек, әкімдік рұқсаты керек. Қызыл сызықта бар ма, жоқ па? Кезінде контейнерді қып-қызыл ақшаға сатып алған кәсіпкерлер шаш-етектен шығынға батайын деп тұр. Ол кездегі келісімнің күші болмақ түгілі, санасып жатқан ешкім жоқ. Өйткені бір жыл бұрын ауысқан базар басшылығы бұған бас қатырмайды”, - деді саудагерлердің бірі.
Айта кетейік, “Кенжехан” базары 2014 жылы ашылған. Негізінен аяқ-киім, киім-кешек және құрылыс материалдарын сатады. Сол уақытта саудагерлер әр контейнерді қомақты ақшаға сатып алғандарын айтады.
“2014 жылы 12 500 доллардан бәріміз сатып алғанбыз. Енді бүгін контейнерлерімізді кері сатып алуымыз керек екен. Мысалы, менің екі орным бар, жиырма мың долларға бір айдың ішінде аяқасты тауып бере алмаймын. Өйткені алдымызда маусым келе жатыр”, - деді саудагер.
Сатушылардың айтуынша, былтыр келген жаңа басшыны ешкім көрмеген. Наразы топтың алдына өзін атқарушы директормын деген базар өкілі келді. Ол күрделі жөндеуге 1600 саудагерден 5 миллион теңгеден ақша жиналатынын жасырмады.
“Үкімет ақша береді, бәленбай миллиард модернизацияға, қарызға деген. Бірақ несиені әзірге бермей жатыр. Оған сол үшін халық өзі ақшасын шығарады. Бірақ әр адаммен келісімшарт жасаймыз. Сатушылар жаппай осылай жиналады деп ойламаса керек, базар басшылығы сасып қалғандай. “Бөліп төлеуге мүмкіндік береміз”, - деді Ардақ Тажиев.
Бірақ кәсіпкерлердің базар басшылығының сөзімен келіскісі жоқ. Әкімдікке үні жетіп мәселе шешілмейінше, олар тыншымаймыз деп тарқасты.