Бейбіт Қорғанның Меруерт Түсіпбаеваны сотқа бергені рас па?
Бұл туралы әнші Меруерт Түсіпбаева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Даудың басына атыраулық келіншектің Бейбіт Қорғаннан “бала сүйдім” дегені себеп. Естеріңізде болса, ДНҚ сараптамасы Бейбіттің болжамды баласы деген ақпаратты жоққа шығарған болатын, деп хабарлайды Uaqyt.info.
“Менің бір ой салар жазбам үшін, Бейбіт сотқа береді деген ақпарат тарапты. Мен әлемде болып жатқан кез келген мәселеге мәдениетті түрде пікірімді білдіруге құқылымын. Жазбамды еш өзгеріссіз қайтадан жариялаймын. Сотта да ақымақтар отырған жоқ. Өзім де ұл өсіріп отырмын. Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді?! Бағдарламаның ДНҚ тапсырған бөлімін көріп, көңілім су сепкендей басылды. Жабырқау күйге еніп, құлазыдым. Арнаның журналистеріне рейтинг керек. Көрерменге шоу қызық. Бес жылдан кейін белгілі болған әйел мен еркектің де жағдайы белгілі. Ал, бейкүнә сәбиді ойлаған жан бар ма?! Бейбіт баланың жанынан өте шыққанда жүрегім дір етті. Ол ер бала ертең есейіп, мына дау-дамайды көргенде қандай күй кешеді?! Ересектердің біреуі баланы ойлап отырған жоқ”, – деп ренжіген еді әнші.
Әншінің айтуынша, осы пікірі үшін әріптесі сотқа бермекші көрінеді.
“Бейбітті қаралайтын сөйлем жазған емеспін. Отбасына тіл тигізбедім. Мен мейірім туралы ғана жаздым. Менің түсінгенім бойынша, әйелдің басты мақсаты – баланы емдеу. Шоусыз-ақ ДНҚ тапсыруға, адвокат жалдауға оның ақшасы болмаған. Бейбіт 6-7 адамды сотқа береді екен. Арасында мен де бармын. Ешкімді сөгіп, қараламаймын. Құдай баламен сынамасын! Бала ауырғаны ең жаманы. Соттан да қорықпаймын. Естеріңізде болар, стилист Жадыра Сахиева (Жадо) мені сотқа сүйреп, өзі соңында сот залынан кешірім сұрап шықты”, – деп жазды ол.