Бейбіт Шүменовтің АҚШ-қа кетіп қалғаны рас па? Министр жауап берді
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов боксшы Бейбіт Шүменовке қатысты қылмыстық істің қалай тергеліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы министр Үкімет кулуарында айтты. Ол журналистердің “Шүменов АҚШ-қа кетіп қалғаны қаншалықты рас?” деген сұрағына былай деп жауап берді.
“Бәлкім, ол сонда (АҚШ-та) болар. Қазір жеке ұйғарым жіберілді, қажетті тергеу жұмыстары жүргізілуде. Ол жасаған қылмыс орташа ауыр санатына жатады және барлық қажетті тергеу жұмыстары жүргізіледі. Біз істі әрі қарай да жалғастыратын боламыз. Ол қайтып оралған жағдайда оның қатысуымен толыққанды сот тергеуі жүргізіліп, заңды процессуалдық шешім қабылданады”, - деді министр.
Естереңізге сала кетейік, Бейбіт Шүменов Астанадағы ойын-сауық орталықтарының бірінде қолында баласы бар ер адамды соққыға жыққан болатын. Боксшының бұл әрекеті қоғамда үлкен резонанс туғызды. Кейіннен оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Әзірге Шүменовтің қандай жазаға тартылатыны белгісіз.