Бейнеуде бір мектепті екі түлек қана бітірді
Биыл Маңғыстау облысында 7439 оқушы мектеп бітірді. Ал өңір бойынша Сарға ауылындағы Бейнеу мектеп-интернатында оқушы санына байланысты тек 2 түлек қана 11-сынып бітірді, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Бұл туралы mangystaumedia.kz жазды.
Мұндағы Бейнеу мектеп-интернатында соңғы қоңырау соғылып, 11-сыныпты тек екі қыз бала аяқтады. Негізінен, бұл ауылда екі мектеп бар. Оның бірі Ә.Жангелдин атындағы білім ордасы болса, екіншісі Бейнеу мектеп-интернаты. Алғашқысында 350-ден астам оқушы білім алады. Ал интернатта оқушылар саны тек 100-ден асады. Мектеп басшысының айтуынша, көбі жақын маңдағы ауылдар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары.
“Биыл Сарға ауылындағы Бейнеу мектеп-интернатынан 2 түлек бітірді. Былтыр осы сыныпта көрші ауылдан екі ер бала келіп оқыған еді. Алайда 11-сыныпқа көшетін уақытта олар кетіп қалды. Себебі, дене тәрбиесі секілді сабақтар ер балалар үшін қызықсыз болды. Бейнеу мектеп-интернатында 104 оқушы бар. Оның 50-і интернатта жатады. Оқушыларға 29 мұғалім сабақ береді. Бізде 11 сыныпқа дейін оқушылар іріктеліп, тек екеуі ғана қалды. Көбі 9-сыныптан кейін колледжге түсті”, - дейді мектеп директоры Айса Сағындықов.
Оның айтуынша, бір сыныпта екі оқушының ғана болуы өте қиын көрінеді. Мәселен, білім алуда бәсеке атаулы мүлдем болмайды екен.
“Оқушы аз болған жерде мүлдем өзара жарысып оқу деген болмайды. Егер сыныпта 15-20 оқушы болса, сабақ қызықты бола түсетіні сөзсіз. Ал екі оқушы болғаннан кейін оларды ынталандырып, қызықтыру мұғалімге оңай емес. Біздің биылғы түлектердің екеуі де қыз балалар. Алда өздері қалаған оқу орнына түсеміз деп отыр”, - дейді мектеп басшысы.