Белгілі актер, театр режиссері Оразхан Кенебаев дүние салды
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Оразхан Кенебаев 75 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Қаралы хабар Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық театрының әлеуметтік желідегі парақшасында айтылды.
“Марқұмның отбасы мен жақындарына қайғырып қөңіл айтамыз. Жаратушы Алла Қасиетті Рамазан айында марқұмның жатқан жерін нұрландырып, жәннатты нәсіп етсін! Пейіште нұры шалқып, артындағы ұрпақтарына ұзақ ғұмыр берсін”,-делінген театрдың желі парақшасындағы жазбада.
Оразхан Сәдуақасұлы Кенебаев – 1950 жылы 16 наурызда Талдықорған облысы, Андреев ауданы, Төңкеріс ауылында туған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері атақтарын алған.
«Абай» (Оразбай), «Абылай хан» (Қалдан шері, Орыс елшісі), «Ревизор» (Дуанбасы), «Томирис» (Балхаш), «Қамар сұлу» (Омар), «Махаббаттың ғажап әні» (Қожақ), «Ат жылаған түн» (Төраға), «Құдалар» (Момын), «Мөлдір махаббат» (Әбутәліп) және басқа да спектакльдерде ойнады.
«Мосфильм» киностудиясының «Дивизия командирінің күні» (Барлаушы), «Қазақфильм» киностудиясының «Әлия» (Солдат), «Өтелмеген қарыз» кинофильмдерінде біраз рөлдерді сомдады.
Режиссерлік-қойылымдық жұмыстары: М. Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» спектаклі, Б. Мұқайдың «Кавалерлері», О. Боранбаевтың «Баламуты», Қ. Мұхамeтжанов пен Ш. Айтматовтың «Фудзиямадағы кездесу» және басқалар. М. Әуезовтің 100 жылдығына арналған Халықаралық фестивальда «Қобыланды» спектаклінің қойылымы үшін «Ең үздік режиссер» бас жүлдесін алды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жазушы Оразхан Сәдуақасұлының отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтады.