Белгілі әнші домбыраны харам дегендерді жауапқа тартуды сұрады
Дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев "домбыра - харам" деген видеоға қатысты пікір білдіріп, бейнежазбадағы адамды жауапқа тартуды талап етті, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Өз талабын әнші әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
“Кейінгі кезде осындай аузы басын түк басқан дүншілдердің қисық уағыздарын естіп жағаңды ұстайсың. Қазақ қазақ болғалы домбырамен жасасып келеді емес пе?! Халықтық ән жырлары айтылып, салт-санамызды тәрбиелеп жеткізіп келе жатқан жоқпыз ба?! Жалпы қазақты домбырасыз қалай елестетуге болады, мүмкін емес. Ендеше мына сақалдінікі не сандырақ? Ел ішіне от салып, халықтың дәстүріне тіл тигізіп, домбыраны қорлаған мынандай адамдарды заң алдында қатаң ескертүсіз жазалау керек. Егер Қазақстан жерінде жер басып жүрсе, домбырамен исламды бір -біріне қарcы қою дұрыс емес, қате ұғым”, - деп жазды Рамазан Стамғазиев.
Естеріңізге сала кетейік, қоғамда үлкен резонанс туғызған видеоны орамал таққан қыз әлеуметтік желіде жариялаған болатын. Онда ол қазақтың ұлттық аспабын харамға теңеген болатын. Uaqyt.info дау туддырған видео туралы бұған дейін бірнеше материал жазды.