Белгілі кәсіпкер Алматыда тағы бір ақша айырбастау пунктін ашты
Елдегі әуежайларды ақша айырбастау пунктерімен қамтамасыз етіп отырған танымал кәсіпкер Айнұр Рахимова Алматының қақ ортасынан YES_exchange нүктесін ашты, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Қаладағы Мұхтар Әуезов көшесінде орналасқан ақша айырбастау нүктесінің ашылу салтанатына кәсіпкердің жақындары, әріптестері және журналистер қатысты.
Қызыл лентаны өз қолымен кескен Айнұр Рахимова мұндай пунктер тек Алматыда ғана емес, еліміздің өзге де қалаларында ашылатынын айтады.
“Біз әдетте тек әуежайларда ғана жұмыс істейтінбіз. YES_exchange ақша айырбастау нүктесін тұңғыш рет қаланың ішінен ашып отырмыз. Айта кетейін, бұл нүкте франшиза арқылы ашылып отыр. Болашақта осы бағытта дамып, елдегі басқа қалаларда, ірі сауда үйлерінде ашсақ деген жоспарымыз бар”, - дейді кәсіпкер.
Айнұр Рахимова соңғы уақытта күрт өскен доллар бағамына қатысты да пікірін білдірді.
“Жұрттың бәрі ақша айырбастау бизнесімен айналысатын кәсіпкерлерді бәрін біледі деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес. Доллардың түсуін, көтерілуін біз де қадағалай алмаймыз. Тіпті оны Ұлттық банк-те айта алмайды. Дегенмен Дональд Трамп президент болғаннан кейін, доллардың өсетіні айтпаса да түсінікті болды ғой”, - деді Айнұр Рахимова.
Айта кетейік, елдегі экономистер доллар бағасының күрт көтерілуін көрші Ресей азаматтарының көптеп сатып алуымен байланыстырған болатын. Алайда Айнұр Рахимова жаппай сатылып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды.
“Біздегі кассалар күнделікті жұмыс істеп тұр. Бірақ Ресей азаматтарының келіп, долларды көптеп алып жатқанын байқап отырғанымыз жоқ. Өзіміздің азаматтар алады және сатады. Көрші елдің азматтары жаппай сатып алып жатыр деген пікірмен келіспеймін”, - деді Айнұр Рахимова.
Айнұр Рахимова ең алғашқы ақша айырбастау пунктін 1995 жылы Алматы әуежайынан ашқан. 29 жыл бизнесте жүрген келіншек алдағы уақытта YES_exchange санын арттыруды көздейді.