Белгілі меценат қазақ тілі мәселесін қолға алмақ
Астанада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының кезектен тыс құрылтайы өтіп, қоғамның вице-президенті болып белгілі меценат, тіл жанашыры Дулат Тастекей тағайындалды. Жиынға жиналғандар бірауыздан Дулат Тұрсынұлының кандидатурасын қолдады, деп хабарлайды Uaqyt.info.
Дулат Тастекейді көпшілік тіл жанашыры ретінде жақсы таниды. Ол өзі басқарып отырған компания іс-қағаздарын қазақшалап, қызметкерлеріне қазақ тілі курсын ұйымдастырып, көпшілікке өз ісімен, ұстанымымен үлгі болып жүр.
Дулат Тастекей жаңа қызметінде тілдің қолданыс аясын кәсіпкерлік және ақпараттық технологиялар саласында қарқындатуға күш салатынын жеткізді.
Айта кетейік, «Қазақ тілі» қоғамы, халықаралық қазақ тілі қоғамы — қазақ тілін, мәдениетін, әдебиетін, тарихын оқып-үйренуге, әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын сақтап, оны одан әрі дамытуға ықыласты қазақ және басқа ұлт өкілдерінің басын біріктіретін ерікті ұйым. 1989 жылы құрылды.